27.1.12

Намаздың шарттары - Шейх Ибн Баз


Намаздың шарттары
Авторы: Шейх Абдуль-‘Азиз ибн Баз.
Аса Қамқор, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Намаздың шарттары – 9

  Намаздың шарттары дегеніміз - намаз алдында орындалатын міндетті амалдар. Егер шарт бұзылса, шарт қылынған намаз да бұзылады. Бұл мәселеде ешқандай үзір (кешірім) қабылданбайды. Мысалы: ұмыту, білмеу, әдейі істеу т.с.с. Егер кімде - кім шартты орындамаса міндетті түрде намазын қайталауы керек.
  1. Исламда болу – оның терісі кәфір болу. Кәфірдің амалы қабыл болмайды, себебі оның амалы жойылған.
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: « Мүшріктердің, өздерінің қарсылықтарына куә бола тұра Аллаһтың мешіттерін жасауларына (ғибадат қылуларына) болмайды. Олардың амалдары жойылған. Олар тозақта мүлде қалады. Аллаһтың мешіттерін шынайы түрде Аллаһқа, ахирет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Аллаһтан ғана қорыққан кісі жасайды (яғни ғибадат қылады)» (Тәубе, 17-18).
 
  2. Ақыл-есі дұрыс болу - бұның терісі жынды болу. Расында жындыға амал жүктелмеген.  
  Дәлел: Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Қалам үш адамнан көтерілген (яғни күнә жазылмайды): 1. Ұйықтап жатқан адамнан, қашан ұйқыдан тұрғанша. 2. Жындыдан, қашан есін жиғанша. 3. Кішкентай баладан, қашан балиғатқа жеткенше» (Әбу Дауд, хадисті әл-Албани сахих деген).

  3. Ажырату – бұның терісі кішкентай бала. Оның шегі 7 жас, сосын намазға бұйырылады.
  Дәлел: Абдуллах Ибн Амрден (Аллаһ оған разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Балаларыңды жеті жастан бастап намазға бұйырыңдар, он жаста намазға тұрмаса ұрыңдар және орталарын төсекте бөліңдер» (Имам Ахмад, тізбегі сахих).

  4. Шамасы келген адам дәрет немесе ғұсыл (үлкен дәрет) алу керек. Кішкентай дәрет зәр мен жел шыққан кезде, үлкен дәрет хайз, нифас, жүніп болған кезде.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Қайсы біреулеріңде кіші хәдәс (дәретсіздік) орын алған жағдайда, ол қайта дәрет алмайынша Аллаһ оның намазын қабыл етпейді» (әл-Бұхари, Муслим). Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Намаз дәретсіз қабыл болмайды» (Муслим).

  5. Уақыттың кіруі.
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: «Расында намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды» (Ниса, 103); «Түс қиғаннан түннің қараңғылығына дейін намаз оқы» (Исра, 78).
  Омар (Аллаһ оған разы болсын) айтты: «Аллаһ тағала әрбір намазға уақытты шарт қылды. Ол намаз уақытсыз дұрыс болмайды».

  6. Шамасы келген адам әуретін (ұятты жерін) жабу.
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: «Ей, адам баласы! Әрбір намазда әуреттеріңді жабыңдар» (Ағраф, 31).
  Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Аллаһ балиғатқа жеткен әйелдің жаулықсыз оқыған намазын қабыл етпейді» (Тирмизи, сахих).
  Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Саныңды жап. Расында ол әуреттен», - деді (Тирмизи, тізбегі жақсы).
  Ибн Абдуль-Барр айтты: «Барлық ғалымдар келісті, кімде–кім шамасы келе тұра әуретін жаппай намаз оқыса, намазы бұзылатындығына».
  Әурет үш түрлі болады:
 1. Ауыр әурет - әйелдердің әуреті (барлық жері әурет, тек қолы мен бетінен басқа).
 2. Орташа әурет – ерлердің әуреті (тізе мен кіндік арасы).
 3. Жеңіл әурет – кішкентай балалардың әуреті (алды мен арты).

  7. Нәжістен тазару – ол үш түрлі болады:
 1. Денесін тазарту.
 2. Киімін тазарту.
 3. Намаз оқитын орнын тазарту.
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: «Киіміңді нәжістен тазала» (Муддасир, 4).

  8. Қыблаға жүзді бұру (барлық намаздарда).
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: «Жүздеріңді мешіт әл-Харамға бұрыңдар» (Бақара,144).

  9. Ниет.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Амалдар ниетке байланысты» (әл-Бұхари, Муслим). Ниеттің орны жүрек, оны тілменайту бидғат.


  Намаздың рукундері (яғни тіректері)

  Намаздың рүкііндері дегеніміз - намаз дұрыс болуы үшін намаздың ішінде орындалуы тиіс болған белгілі сөздер мен істер. Намаз оқыған адам осы үстіндердің бірін қалдырып кетсе, намазы дұрыс саналмайды және қабыл болмайды. Бұл мәселеде ешқандай үзір (кешірім) қылынбайды. Оған міндетті түрде намазын қайталауы уәжіп болады.

  1. Шамасы келген адам намазды тұрып оқу.
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: «Намаздарыңды сақтаңдар, соның ішінде ортаңғы намазға берік болыңдар және бойұсынған түрде намазға тұрыңдар» (Бақара, 238).
  Имран ибн Хусейннен (Оған Аллаһ разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Тұрып намаз оқы. Егер шамаң келмесе отырып оқы. Егер оған да шамаң келмесе бір жандап оқы» (Бұхари).
  Және ғалымдардың барлығы келісті, кімде-кім шамасы келіп тұрып намазды отырып оқыса, оның намазы бұзылатындығына.

  2. Такбир әл-Ихрам (яғни бірінші такбир). Бірінші такбирдің «Такбир әл-Ихрам» деп аталу себебі: барлық халал болған нәрселер осы такбирден кейін харам болады. Мысалы: сөйлеу, күлу, қимылдау т.б.
  Дәлел: Әлиден (Аллаһ оған разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Намаздың кілті – дәрет, оны харам қылатын- такбир, оны халал қылатын - сәлем», - деді» (Әбу Дауд, Албани сахих деген).
  Әбу һурайрадан (Оған Аллаһ разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер намазға тұрсаң такбир қыл»,- деді (әл-Бұхари,Муслим).

  3. Фатиха сүресін оқу.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде – кім фатиха сүресін оқымаса, оның намазы жоқ» (Бұхари,Муслим).
  Әбу Қатада (Оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Бұрын Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір рәкәғатта фатиха сүресін оқитын» (Бұхари).

  4. Рукуғ қылу (яғни еңкею).
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: «Ей, Аллаһқа иман келтіргендер! Рукуғ қылыңдар және сәжде қылыңдар» (Хадж, 77).
  Әбу Һурайрадан (Оған Аллаһ разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Рукуғ қалпына түскеніңше рукуғ жаса» (әл-Бұхари, Муслим).

  5. Рукуғтан кейін көтерілу.
   Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Көтеріл, қашан тіке тұрғаныңша» (әл-Бұхари, Муслим).

  6. Жеті мүшеге сәжде қылу.
  Дәлел: Аллаһ тағала айтты: «Ей, Аллаһқа иман келтіргендер! Рукуғ қылыңдар және сәжде қылыңдар» (Хадж, 77).
  Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) айтты: «Жеті мүшеге сәжде қылуға бұйырылдым: маңдай мен мұрынға; екі қолға; екі тізеге; екі аяқтың башпай ұштарына» (әл-Бұхари, Муслим).

  7. Сәждеден көтерілу.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Cәждеден көтеріл, тіке отырғаныңша» (әл-Бұхари, Муслим).

  8. Екі сәжденің ортасында отыру.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Cәждеден көтеріл, тіке отырғаныңша» (әл-Бұхари, Муслим).
  Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) келген хадисте айтты: «Бұрын Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәждеден басын көтерсе, тіке отырмайынша қайтып сәжде қылмайтын» (Муслим).
  9. Барлық істерді асықпай орындау.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Намаздарыңды менің намаз оқығанымды көргендерің бойынша оқыңдар!» (Бұхари). Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұрын намаздарын асықпай орындайтын.

  10. Осы рукундерді рет–ретімен орындау.
  Дәлел: Пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазын сипаттағандар, осылай рет-ретімен жеткізген.
 
  11. Соңғы Тәшәһһудты оқу.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Егер біреулерің намазда отырсаңдар айтыңдар: «Әттәхийәту лилләһи ...» деп» (Бұхари, Муслим).

  12. Соңғы Тәшәһһудта отыру.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Егер біреулерің намазда отырсаңдар айтыңдар: «Әттәхийәту лилләһи ...» деп» (Бұхари, Муслим).

  13. Пайғамбарымызға (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту.
  Дәлел: Кағб ибн Ажрадан (Оған Аллаһ разы болсын) келген хадисте: «Адамдар Пайғамбарымыздан (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұрады: «Саған қалай салауат айтамыз?» - деп. Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Былай айтыңдар: «Аллаһумма солли ъалә Мұхаммадин...» деп үйретті» (Бұхари, Муслим). Бұл кейбір ғалымдардың пікірі бойынша рукун. Негізі жумхур (көпшілік) ғалымдардың пікірі бойынша бұны айту сүннет. Осы екінші пікір дұрыс, Аллаһ білуші.

  14. Екі жаққа сәлем беру.
  Дәлел:Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Намаздың кілті – дәрет. Оны харам қылатын – такбир, халал қылатын - сәлем» (Әбу Дауд, Албани сахих деген).
  Айшадан (Оған Аллаһ разы болсын) келген хадисте айтты: «Бұрын Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазын сәлеммен аяқтайтын» (Муслим).


Намаздың уәжіптері – 8

  Намаздың уәжіптері дегеніміз: намазда істеуі міндетті болған сөздер мен істер. Егер кімде кім намазда бір уәжіпті білмеу немесе ұмытумен қалдырып кетсе сәһу (жаңылысу) сәждемен орнын толтырып қояды. Ал егер әдейі тастаса намазы бұзылады оған намазын қайталуы тиіс.

  1. Барлық такбирлер (ихрам такбирінен басқасы).
  Дәлел: Ибн Масъуд (Оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Пайғамбарымызды (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір көтерілгенде және түскенде, әрбір тұрғанда және отырғанда такбир айтатынын көрдім» (Хадисті Тирмизи сахих деген).

  2. «Самиъаллаһу лимән хамидәһ» деп айту.
  Әрбір адамға имам болып оқыса да, жеке оқыса да бір рет айту уәжіп. Егер имамның артына ұйып оқыса айтылмайды.
  Дәлел: Әбу Һурайра (Оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Бұрын Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазға тұрғанда, рукуғқа барғанда такбир қылатын еді. Рукуғтан көтерілгенде «Самиъаллаһу лимән хамидәһ», ал, рукуғтан тіке тұрғанда «Роббәнә уә ләкәл хамд» деп айтатын» (Бұхари, Муслим).

  3. «Роббәнә уә ләкәл хамд» деп айту. Бұл сөз имам болып оқыса да, жеке оқыса да, имамға ұйып оқыса да айтылады.
  Дәлел: Әбу Һурайра (Оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Бұрын Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазға тұрғанда, рукуғқа барғанда такбир қылатын. Рукуғтан көтерілгенде «Самиъаллаһу лимән хамидәһ», ал, рукуғтан тіке тұрғанда «Роббәна уә ләкәл хамд» деп айтатын» (Бұхари, Муслим).

  4. «Субханә роббиәл ъазым» деп айту. 1 рет айту уәжіп, қалғаны сүннет.
  Дәлел: Хузайфа ибн Яман (Оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Бұрын Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Субханә роббиәл ъазыйм» деп рукуғта, ал «Субханә роббиәл аълә» деп сәждеде айтатын» (Хадисті Тирмизи сахих деген).

  5. «Субханә роббиал аълә» деп айту. 1 рет айту уәжіп, қалғаны сүннет.
  Дәлел: Хузайфа ибн Яман (Оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Бұрын Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Субханә роббиәл ъазыйм» деп рукуғта, ал «Субханә роббиәл аълә» деп сәждеде айтатын» (Хадисті Тирмизи сахих деген).

  6. «Роббиғфирли» деп екі сәжденің ортасында айту. 1 рет айту уәжіп.
  Дәлел: Хузайфа ибн Яман (Оған Аллаһ разы болсын): «Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі сәжденің ортасында «Роббиғфирли» деп айтатын», - деген. (Ибн Мәджәһ).

  7. Бірінші тәшәһһудты айту.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Егер намаздың ортасында отырсаң, асықпай отыр және сол аяғыңның үстіне отыр да, тәшәһһудты айт». (Әбу Дауд).

  8. Бірінші тәшәһһудта отыру.
  Дәлел: Пайбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Әр екі рәкәғатта отырсаңдар айтыңдар «Әттәхийәту лиллаһи ...» деп» (Ахмад)


Намазды бұзатын нәрселер – 8

  1. Сөйлеу – біліп және есінде тұрып сөйлеу. Ал, ұмытумен немесе надандықпен білмей сөйлесе, оның намазы бұзылмайды.
  Дәлел: Зәйд ибн Әл-Әрқамнан (Оған Аллаһ разы болсын): «Намаздарға әсіресе орта (аср) намазына берік болыңдар да, Аллаһқа мойынсынған күйде (намазға) тұрыңдар» (Бақара, 238) аяты түскенше Пайғамбардың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заманында намаз оқыған кезде сөйлей беретін едік. Біреуіміз серігіне қажетіне қатысты тіл қататын. Содан (аят түскеннен кейін) тыныш тұруға бұйырылдық және сөйлеуден қайтарылдық» - деген (Бұхари, Муслим).

  2. Күлу.

  3. Жеу.

  4. Ішу.
  Үшеуіне дәлел: Ижмағ (яғни бүкіл ғалымдар келіскен). Ибн Мунзир айтты: «Барлық ғалымдар келісті, расында намазда күлу, ішу, жеу намазды бұзатындығына».

  5. Әуреттің ашылуы.
  Дәлел: Расында әуретті жабу намаздың шарттарынан. Егер шарт бұзылса, шарт қылынған нәрсе де бұзылады. Ол (яғни шарт қылынған нәрсе)- намаз.

  6. Қыбладан жүзді басқа жаққа қатты бұру.
  Дәлел: Расында қыблаға қарау намаздың шарттарынан. Егер шарт бұзылса, шарт қылынған нәрсе де бұзылады. Ол - намаз.

  7. Намазда қажетсіз және тоқтаусыз көп қимылдау. Дәлел: Ижмағ (яғни ғалымдар келіскен).

  8. Дәреттің бұзылуы. Дәлел: Расында дәрет намаздың шарттарынан. Егер шарт бұзылса, шарт қылынған нәрсе де бұзылады. Ол - намаз.


  Сәһу (жаңылысу) сәждесі

  Пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) да намаз оқығанда кей кездерде жаңылысып, қателіктер жібергені Ислам тарихынан белгілі. Бірде ол өз сахабаларына өсиет айтып: «Мен кәдімгі адаммын. Кей кезде сендер сияқты мен де ұмытамын. Егер мен ұмытсам маған ескертіңдер»- деген (Бұхари, Муслим). Намазда кеткен қателіктерді түзету мақсатында орындалатын сәһу сәждесі дегеніміз – намаз оқыған кісінің сәлем беруден бұрын немесе одан кейін орындайтын екі сәждесі.
  Ол үш түрлі жағдайда болады:

 1. Намазда қандай да бір нәрсені артық орындау. Бұл жағдайда сәһу сәждесі сәлемнен кейін жасалады.
  Дәлел: Абдуллаһ ибн Масғұд (Оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Аллаһтың елшісі (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (бір күні) бесін намазын бес (ракағат) етіп оқыды. (Намаз аяғында) адамдар: «Намаздың (ракағаты) көбейді ме?» - деді. Пайғамбар (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) : «Ол не?» - деп сұрады. Сонда олар: «Сен (намазды) бес (ракағат) етіп оқыдың»,- деді. Аллаһтың елшісі (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) аяғын бүгіп, екі (сәһу) сәждесін жасады» (Бұхари, Муслим).

 2. Намазда қандай да бір нәрсені кем орындау. Бұл жағдайда сәһу сәждесі сәлемнен бұрын жасалады.
  Дәлел: Пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі – Абдуллаһ ибн Бухайна (Оған Аллаһ разы болсын): «(Бір күні) Пайғамбар (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бесін намазын олармен бірге оқығанда (сол намаздың) екінші ракағатынан кейінгі алғашқы отырыста (жаңылысып) оған отырмастан (үшінші ракағатқа) тұрып кеткенде, артындағы оған ұюшы адамдар да онымен бірге ілесе тұрған еді. Намаздың соңғы отырысына жеткен кезде, адамдар оның сәлем беруін күтіп отырды. Пайғамбар (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәлемнен бұрын сол отырған күйі (яғни, тұрмастан немесе басқа қимыл жасамастан) тәкбір айтып, екі (сәһу) сәжде жасады да, кейіннен барып сәлем берді», -деп айтқан(Бұхари).

 3. Күмән болғанда. Қанша ракағат оқығанына күмәнданып, кейін басым ойға тоқталса, бұл жағдайда да сәһу сәждесі сәлемнен бұрын орындалады.
  Дәлел: Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Сендерден біреулерің намазда қанша, үш не төрт, ракағат оқығанына күмәнданса, онда күмандануын тастасын да, анығына тоқталсын, сонан соң сәлем беруден бұрын екі рет (сәһу) сәжде жасасын. Егер ол бес ракағат оқыса, қатесін түзейді, ал намазын дұрыс оқыған болса, бұл екі сәжде шайтан үшін жаза болады», -деген (Муслим). Ал, егер басым ойға келе алмаса, көңіліндегі аз санға тоқталады.
  Дәлел: Аллаһ елшісі (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Сендерден біреу бір ракағат оқыдым ба әлде екі ракағат оқыдым ба (деп) күмәнданса, бір ракағат оқыдым деп есептесін. Егер екі не үш ракағат оқыдым ба (деп) күмәнданса, екі ракағат оқыдым деп есептесін. Ал егер үш не төрт ракағат оқыдым ба (деп) күмәнданса, көптеген қателік артық ракағат пайдасына шешілуі үшін үш ракағат оқыдым деп есептесін. Сонан соң намазды аяқтап, сәлем беруден бұрын отырған қалпы екі рет сәжде жасауы керек», - деп айтқан (Ахмад; сахих хадис).

Барлық мақтау Аллаһқа тән! Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның жанұясы мен барлық сахабаларына Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!   

Комментариев нет:

Отправить комментарий